Помочь
img

«ҚАСИЕТТІ ЖОЛДЫҢ» ҚАСИЕТІ

28.12.2018
«ҚАСИЕТТІ ЖОЛДЫҢ» ҚАСИЕТІ

Жас емен ағашын күтіп баптаған сайын түзу өсетіні секілді, ізгілікті жанына серік еткен ел, баласына жақсы амал жасауды жастайынан үйреткен ел қайырымды ұрпақ өсіреді. Қайырымдылық жасау үшін асқан дәулет емес, жүректегі мейірім мен адал ниеттің болуы жеткілікті. Қайырымды жандарды «алтын жүректі адамға» теңейтіні де содан болар. Қайырымдылыққа қайырылып, қолда барын басқаға беруге әзір жандар біздің ортамызда аз емес. Өзімен бірге үлкен топты ертіп, өзгелерге үлгі болып жүргендер де жетерлік. «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы қарсаңында «Нұр Медиа» холдингі «Қайырымды жандар» арнайы жобасын бастады. Елімізде қайырымдылық жасау мәдениеті мен дәстүрін насихаттауға ықпал ететін бұл жобада еліміздегі алтын жүректі тұлғалармен, ең ірі қайырымдылық қорларының жұмыстарымен таныс боламыз. Газетіміздің бүгінгі санына қаншама жас пен сәбидің үмітін оятқан «Қасиетті жол» қоры жайлы жазып отырмыз.

Сегіз жасар Акбар Нұрлан – кішкентай қайырымды жан. Оның мейірімді жүрегі өзі секілді кішкентай, бірақ түрлі дертке шалдыққан балалар мен сәбилерге көмек­те­суді қалады. Ақылды бала қол ұшын беру­дің жолын да тапты. Ол өз білетінін пайдаланып, «Рубик» кубигін санаулы секундта шашып, қайта құрастыру­дың тәсілдерін түсіндіретін, балаларға арналған әдістеме кітабын жазды. Осылай­ша, «Кубичес­кий лабиринт» кітабының саты­лы­­мынан түскен бар қаражатты «Қасиетті жол» қайырымдылық қорына аударып отыр­ды. Бала жүрегінің қайырымдылыққа қарай қайырылып тұрғаны – қуантарлық жайт. Біз де игі іске сүйсініп, жақсылық жа­­­сау­­­дан жалықпаған жандар жайлы жазу­ды жөн көрдік. Жалғыз жортып жүрсе де та­­лай қайырымдылық жасағандардың қа­тары көп. Дегенменен, ұжым болып ұйы­ған­дар да аз емес. Сондай ұйымдардың бірі – «Қасиетті жол» қайырымдылық қоры.

Қайырымдылықты жас пен кәріге қатар дәріп­теп жүрген «Қасиетті жол» қайырым­дылық қорының қызметі жайлы іздене келе біраз ақпараттан хабардар болдық.

2011 жылы бірнеше құрбы-келіншек баста­ған жұмыс Астана қаласындағы балалар үйінде еріктілер ретінде ауыр диагнозы бар бала­лар­ға көмек көрсетеді.

2012 жылы қорға сал ауруына шалдыққан (ДЦП диаг­нозы бар) балалардың ата-аналар тарапы­нан оңалту қызметтерін алу мақсатында шет елдерге баруға өтініш көбейеді. Қор­дың құрылтай­шы­ларының бірі Динара Закие­ва іргетасы қаланған алғашқы сәттер­ді еске ала: «Әлі есімде, 2011 жылы Рамазан айы болатын. Дәл осы уақытта күллі мұсыл­­­­ман баласы барынша көп қайы­рым­ды­­­лық жасап, қолдан келгенше көмек көр­сеткісі келеді. Бірақ көбіне, мүмкіндік болғаны­мен, кімге және қалай қолдау жасау керегін білмей дал боламыз. Ақыл­да­са келе, мүдде­лес, үнемі ойымыз бір жер­­ден шыға­тын құр­бы­ларыммен бірлесіп оса жобаны жүзе­ге асырамыз деп шештік. Біздің мақсат – Қазақстанда сапалы оңалту қызметтеріне қол жеткізе алатын ерекше қажеттігі бар балалар санын арттыру. Сал ауруына шал­дық­қан балалар бір реттік емес, кезең-кезеңімен өтетін оңалту іс-шара­­­ларына мұқтаж. Су-тасты асып, ауыр­шаң баламен жиі жол жүру оңай емес, екінің бірінің қалтасы да көтере бермейді. Сондықтан елімізде шетелдік тәжірибеге қарай оты­рып, балаларға шетелден кем емес көмек көрсетуіміз керек деп білеміз», – дейді.

Осылайша, 2012-2013 жылдары 9 бала­лар үйін ең үздік оңалту жабдықтарымен қамтамасыз етеді. Қарағанды, Щучинск, Павло­дар, Өскемен, Орал, Атырау, Шым­кент және Қызылордаға жаңа жабдықтар жеткізілген. Араға бір жыл салып нейро-ортопедиялық патологиясы бар балаларға Астанада «Қасиетті жол» атты алғашқы оңалту орталығы ашылады. Бірінші жыл­дың өзінде тегін оңалтудан 250 бала өткен. Олар­дың барлығы – балалар үйінің тәрбие­ле­ну­шілері мен жағдайы төмен жанұя­лар­дан.

2015 жылы «Менторлар мектебі» жоба­сы іске қосылады. Ұлыбритания, Түр­кия, Ресей, БАӘ-ден келген білікті маман­дар еліміздегі медицина қызметкер­лері­не арнап шеберлік дәрістерін өткізген. Соның арқасында мыңдаған адам білігін көтеріп, білімін толықтырды.

«#Казах­стан­Творит­Добро» жобасы 2016 жылы қолға алынған. Басты мақсат – еліміз бойынша 14 реабили­та­ция орталығын ашу. Яғни әр қазақ­стан­дыққа телефон қосымшасы арқылы жылы­на 365 теңге жіберу жайлы ұсыныс. Соның арқасында елімізде 26000 бала жүйелі түрде оңалтудан өте алады. Осы межеге жетіп, Қазақстанның барлық аймағынан бір-бір орталықтан ашылар болса, жағдай түзелер деген сенім мол.

Былтыр елордадан 2 жасқа дейінгі шақа­лақтарға арналған «Балапан» орталы­ғы ашылды. Бұның да өз себебі бар. Сал ауруынан толық айығу кепілдігі болмағаны­мен, оңалту іс-шаралары неғұрлым ерте бастал­са, балаларда дене қимылын басқа­ру мүмкіндігі ұлғаяды. Бұл – жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан түрлі ізденіс аясында сенімді айтылатын дерек. Оңалту жұмыстары ерте басталуымен тепе-тең жүретін қажеттіліктердің бірі – оңалтудың жүйелі болуы. Сондықтан осы жылы Шымкентте Kzhol Shymkent оңалту орта­лы­ғы бой көтерді. Оңтүстік өңіріндегі сал ауруына шалдыққан балалардың көрсет­кіші өте жоғары болуы себеп еді.

Нәтижесі де көңіл қуантарлық. 2014-2018 жылдар аралығында Шымкент және Астана қалаларындағы Динара Закиева, Арайлым Еркінова, Шолпан Нұрымбетова және Гүлмира Әлімова бастаған «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының оңалту орталықтарында 3047 бала толық оңалту қызметін алған. Оның ішінде:
246 бала басын ұстауды, 295 бала отыруды, 279 бала еңбектеуді, 166 өздігімен тұруды, 235 бала сүйенішпен жүруді бастаса, 150 бала алғаш қадамын басып, 400 бала алғаш сөзін айтты.

Қанша дегенмен, бұл саладағы ізденіс көбейген сайын оңалту қызмет түрлері де жақса­рып келеді. Ал Қазақстандағы бала­лар саны қор жұмысын бастаған кезде 12 000 маңайында болса, қазіргі таңда 26 000-нан асып тұр. Осыны ескере отырып, қыз­мет­­тердің сапасын арттыру үшін қайырым­дылық қорында жұмыс атқаратын дәрі­гер­лер­мен шектелмей, барлық педагог маман­дар мен ЕДШ (ЛФК) нұсқаушылары жылы­на бірнеше мәрте түрлі семинар-тре­нинг­терге қатысып, білімін арттырып жүр.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы, «Нұр Отан» партиясы, «Самұрық-Қазына Trust» әлеуметтік жобаларды қолдау қоры, ExxonMobil Kazakhstan Inc компаниясы, Астана қаласы әкімдігі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі, Шымкент қаласы әкімдігі, көптеген іскер адамдар, қарапайым халық қолдаған бірегей қайырымдылық қорына көмек ету заңдылық болып көрінеді.

Қор ұжымы қайырымдылық мәселесін үнемі бақылауда ұстайтын Елбасыға ерек­ше риза. «Нұрсұлтан Әбішұлының қоры­­мызға тигізген көмегі көп. Сол қолдауына алғысымыз шексіз» дейді «Қасиетті жол» құрыл­тайшылары. Бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі жыл өткен сайын артып келеді. Халық өзгенің басына түскен іске бей-жай қарамайды, қол ұшын беруге даяр. Мұның жарқын дәлелі ретінде жоғарыда атап өткен – «#КазахстанТворитДобро» акциясы. Қатардағы қазақстандықтардан бастап, қоғамның белгілі өкілдері де атсалыс­қан. Демек, қайырымды жандар­дың қата­ры көбейіп келеді. Бұл – құптарлық әрі қуан­тарлық үрдіс.

Жадыра АҚҚАЙЫР
http://aikyn.kz/2018/12/20/76024.html
;