+7 717 270 28 68kasiettyzhol@gmail.com

ПОСЛЕДНИЕ НОВОСТИ

«Кинестетикс»: Қазақстанда сал ауруына шалдыққан балаларды нәтижелі емдейтін жаңа жүйе енгізілуде

04.02.2019 17:08

Қазақстанда «Еуропалық Кинестетикс Ассоцияциясының» «Peer-tutoring Kinaesthetics» атты алғашқы семинары ұйымдастырылып, екі жыл аралығында 2 бастапқы және 2 тәлімгерлік курсы өтті.

Ұйымдастырушы – «Қасиетті Жол» Қоғамдық Қайырымдылық Қоры. Мамандардың жаңа жүйемен емдеу жолын меңгеруге қаржылай демеушілік еткен - ExxonMobil Kazakhstan Ink.

Сұхбат берушілер:
Норберт Фельдман – Германия, кинестетикс маманы, Еуропалық Кинестетикс Ассоцияциясының тәлімгері, Kinaesthetics Deutschland тренері
Лилия Кернер – Германия, кинестетикс маманы, Европалық Кинестетикс Ассоцияциясының тәлімгері, Kinaesthetics Deutschland тренері
Дина Тажибаева – Астана қаласы, «Балапан» ерте араласу ортылғының директоры
Рустам Орынбеков – Шымкент қаласы, «KZhol Shymkent» оңалту орталығының емдік дене шынықтыру маманы
Ксения Кондратенко – Алматы қаласы, ерекше қажеттіліктері бар баланың анасы

Қайырлы күн! Лилия, Норберт! біздің мемлекетіміз жайлы қайдан білдіңіздер? Кімнің тарапынан шақыру алдыңыздар?

Л.К.: Мен өзім Қазақстанда туғанмын. Біраз жыл болды Германияда өмір сүріп жатырмын. Білімді де Германиядан алдым. Алғаш рет Қазақстанға бірнеше жыл бұрын Католиктік Қайырымдылық мекемесі тарапынан шақырылғанбыз. Сосын міне «Менторлар мектебі» жобасы аяңында «Қасиетті Жол» қайырымдылық қоры шақырды. Бұл кісілер ұйымдастырып, қаржылай демеушілікті «ЭксонМобил Казахстан Инк» компаниясы көрсетті.

Үйретіп жатқан концептуалды жүйе жайлы толығырақ айтып беріңіздерші?!

Н.Ф.: Бұл жүйенің атауы – «Кинэстэтикс». Бұл бір жас ғылым. Европаның өзінде қолданылып жатқанына 30 шақты жыл болды. Ал Қазақстанда бұл жүйе енді енгізіліп жатыр. Бұл жүйені тек денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс атқаратын мамандар ғана емес, қалаған адам үйрене алады. Мәселен, немістілді еуропалық мемелекеттерде бұл жүйе барынша үйретіліп келеді. Себебі, оның пайдасын ауруға шалдыққан адамдардан басқа адамдар да көре алады. Пациенттер де, солардың жанында жүретін адамдар да үйренгені абзал.

Кинэстэтикстің басқа методикаға қарағанда айырмашылығы осы ма?

Н.Ф.: Иә, және бұл ғана емес. Кинэстэтикс концептуалдық жүйесі алты концепциядан құралған. Осылар арқылыадамдар әр қимылды талдау жасап, сезініп, қажеттілігіне қарай бейімдеп өзінің немесе пациенттің денсаулығын жақсарту үшін қолдануды үйренеді. Ең маңыздысы – адамдарды қимыл-әрекеттерге көңіл бөлуді үйретеді. Бұл үшін биология, кибернетика, физиология және де басқа ғылымдар қолданылған. Кинэстэтикс сөзін «қимылдарды сезіну ғылымы» деп аударсақ та болады. Керемет жағы – бұл ғылымды жасы, жынысы, диагнозына қарамастан кез-келген адамның денсаулығын нығайту үшін пайдалануға болады.

Сал ауруына шалдығып, Кинэстэтиксті қолданғаннан кейін жағдайы жақсарған балалар бар ма?

К.К.: Мен өз баламды үлгі ретінде айтып бере аламын. Тренерлермен осыдан 2-3 жыл бұрын таныскан едім. Ұлымның жағдайы мүшкіл еді. Диагнозы – гиперкинетикалық формалы ДЦП. Ол кездері үш жарым жаста болған. Спастикасы тым қатты болғандықтан, жағдайымыз өте ауыр еді. Кинэстэтикс арқылы қимылдарымызды бейімдеу де оңайға соқпады. Дегенмен, нәтижелерін көріп қуанып жатырмыз. Уақыт өте ұлым жатқан жерінен денесін көтеріп өзі отыра алатындай жағдайға жетті. Яғни, менің көмегімнің қажеті азайды. Мен қазір тек бағдар берушімін, ал ұлым қимылды өзі жасай береді. Ұлымның дерті ең ауыр диагноздардың бірі екенін, «тек жататын бала» екенін ескере отырсақ, бүгіндері оның іс-қимылдағы шектеулері азайып, мүмкіндіктері едәуір көбейіп қалды. Сәйкесінше, ауырсынуды сезуіазайды. Гиперкинетика мен спастика азайып, көбірек күле бастады, өмірге деген құштарлығы артты!

Н.Ф.: Ксения, нақты нелерді өзгеше жасай бастағаныңды айтып берші?!

К.К.: Балама бір жүк ретінде қарауды доғардым. Баламды және оның уақытын сыйлауды үйрендім. Қажет болғанда бір жерден көтеріп алып, екінші жерге апара салуды қойдым. Оған уақыт беріп, қажетті қимылдарды өзі жасауына мүмкіндік бере бастадым. Тек қолынан келмей жатса ғана демеуді үйрендім. Осы концептуалды жүйенің арқасында баламмен қарым-қатынасым жақсарды. Анығырақ айтқанда, өзгеше, көтеріңкі көңіл-күймен, ерекше зейінмен қараймын қазір. Себебі рөліміз де, көзқарасымыз да өзгерді. Енді Кинэстэтикс - біздің өміріміздің бір бөлігі. Тренингке келген кездегі сезімдеріңіз қандай еді? К.К.: Алғаш бірнеше күнім жылаумен өтті. Ниеттеніп болмаса да, аңғармастан өз баламды өзім қинап жүргенімді түсінгеннен жылай бастадым. Бұл тренингтер барысында ішкі қабылдауым да, көзқарасым да түбегейлі өзгерді. Бұрынға ойларымның астаң кестеңін шығарды. Енді қазір балама «өз қалауымен қимылдауға құқы бар кішкентай адам» ретінде қарауды үйрендім.
Тренингтер жайлы тағы біраз айтып бересіздер ме? Қанша уақыт болды? Кімдер қатысты?

Д.Т. : Астана, Шымкент, Атырау қалалары оңалту орталықтарының 25 дәрігерлері мен мамандары және Алматы қаласынан ерекше қажеттілігі бар баланың анасы қатысты. Бұл жүйені үйрету 2 жылдай уақыт алды. Осы уақыт аралығында 2 бастапқы және 2 тәлімгерлік модульдері аталмыш қалалардағы оңалту орталықтарында өтті. Модуль араларында қатысушылар тәжірибелерін нығайтып, білімдерін қолданып өзара пікір алмасу мүмкіндігі де берілді.

Н.Ф.: Айта кеткеніміз жөн болар. «Қасиетті Жол» оңалту орталықтарында тренингтер өткізген кезде біз барынша ата-аналарды да қосуға тырыстық. Яғни сол жерде ата-аналарға да барынша жүйені қолдану жайлы ақпарат беріп, қолдану жолдарын көрсеттік. Бұл жайлы толығырақ Шымкент қаласы «Қасиетті жол» оңалту орталығының маманы Рустам айтып берсе деймін.

Р.О.: Ата-аналрға жеткізу өте маңызды. Себебі, біздер, мамандар, баламен ары кетсе күніне бір сағат бірге боламыз. Ал, қалған бар уақытты бала туған-туысының жанында өткізеді. Сондықтан, біз қаншалықты балаға өз тәнін сезінуді, қолдануды үйреткенімізбен, жақындары да осы әдісті үйде қолданбаған жағдайда бала бұның бәрін ұмытып кетеді. Ата-аналардың баланың қимылдарына, және өздерінің бұл қимылдарға көрсеткен реакциясына мән беруі өте маңызды.

Д.Т.: Бұл концептуалды жүйе жәй бір элементтерге үйрету емес, бұл күнделікті өмірге деген көзқарасты өзгертуді үйрету. Күнделікті жасап жүрген қимыл-қозғалыстарымызға мән беру. Ол киім кию немесе тамақтану сияқты кез келген қимылдар болуы мүмкін. Орталықтарда мамандар, үйде ата-анасы осы жүйені қолдана отырып балаға көмек етсе нәтижелердің қандай керемет боларын елестетіп көріңізші! Сондықтан, қатысушы мамандардың мойнына үлкен міндет жүктеледі. Орталықтарымызға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп жатқан сал ауруына шалдыққан балалардың ата-аналарына осы жүйені үйрету.

Енді бұл дәрістерді алған мамандар мен басқа мамандардың арасында түбегейлі бір айырмашылық бар деп айта алсыздар ма?

К.К.: Мен жауап берсем бола ма?! Баламмен талай жыл бойы көптеген орталықты көрдік. Қазақстандық мамандардың қалыптасып кеткен стереотипті көзқарасы бар. Ата-аналар маманға келіп «осындай да осындай нәтиже болсын» деп айтып, маман тек сол нәтиже болу үшін сол бағытта ғана жұмыс істейтіндей. Баланың қалауымен, сезімдерімен, қимылға деген реакциясымен санаспайтындай көрінетін. Ауырса, жыласа демек дұрыс жасап жатырмыз деген ой бола ма? Нәтижеге тек ауырту арқылы жетуге болады деген түсінік бар сияқты ма?. Өзгешелікті тек осы «Қасиетті жолда» байқадым. Сондықтан қазір басқа оңалту орталықтарына баруды қойдық. Тек, кезегімізді күтіп, осында келеміз.

Еуропалық оңалту орталықтарынан біздің орталықтардың айырмашылығы неде? Жұмыс жасау жүйелері де өзгеше шығар?

Н.Ф.: Оңалту қызметінің деңгейі орталыққа не мемлекеткеемес, мамандарға байланысты. Дамып кеткен мемлекеттердің жергілікті оңалту орталықтарынан өзгешелігі тек техникалық жабдықталуы ғана. Ал жергілікті мамандар, осы қатысушылар сияқты, ізденіп өзге ел мамандарының білгенін білер болса – онда оңалту жүйесінің еш айырмашылығын көріп тұрғаным жоқ.

http://ernur.kz/meditsina/kinestetiks-kazakstanda-sal-auruyna-shaldykkan-balalardy-natizheli-emdeitin-zhana-zhuie-engizilude

ВСЕ НОВОСТИ >>>